Ыбырай Алтынсарин



Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері

Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай

Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. 

пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді.

Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады.

Өмірбаяны.

Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді.

Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біледі. Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған "төре" болып шығуы, ата-анасын асырауы. Балғожа бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең-хатында былайша білдірген:

Әлгі мектеп ақыры 1850 жылы ашылады да, оған қабылданған отыз қазақ баласының бірі – тоғыз жасар Ыбырай болады. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді.

1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі — Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүние жүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған.

Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады.

Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді.

"Қызмет бабында мен қазақтармен жиі-жиі ұстасып қаламын, — деп жазды ол 1864 жылы Ильминскийге, олардың ішінде менің өз туысқандарым да бар. Олардың сырын жақсы білемін, көбін тіпті жек көремін, қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды — қарсылық көрсете алмай, қаскырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды — адамшылықтың шегінен шыға, арсыздықпен тонайды, талайды. Соларды көргенде... өте қатты күйінемін... Осы елдің күшті жемқорларының бірі өздерінің істеп жүрген істерін менің жақтырмайтынымды біліп қалды... Сондықтан ол мені бұл арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр".

1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушы дарының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды.

1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды.

Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі.

Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды.

Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды.

Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында мейлінше беделді, сыйлы болған.

Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған.

Өлеңнің әр шумағында оқудың әр жақты пайдасын айта отырып, ақын соңғы жолдарды ылғи қайталап отырады.

Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.

Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.

Ыбырайдың "Өзен", "Жаз" деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Екі өлеңінде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді.

"Жаз" өлеңінде көктемгі табиғаттың келісті суреттері бар. "Ұшпақтың күн сәулесі жерге түсіп", "Аспаннан рақымменен күн төнгенде", "Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша, жайқалып шыға келер жердің гүлі", "Кеш болса, күн қонады таудан асып, шапаққа қызыл алтын нұрын шашып", т.б. суреттер мен бейнелі сөздер Ыбырайдың табиғат көріністерін сезінуінің тереңдігін, суреткерлігін көрсетеді. Ақын бар тіршілікті көктем күнінің мейірімді шағымен байланыста бейнелейді. Қырдағы жаз көріністеріне сүйсіну, мал бакқан елдің қыстан қысылып шығып, жазда тынысының кеңуі, қуаныш-шаттығы көңілді әсерге бөлейді.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді.

"Атымтай жомарт" әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ болса да, Атымтай ылғи жұмыс істейді. "Күн сайын өз бейнетіммен, тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады", – дейді ол. "Әке мен бала" әңгімесінде мынадай бір жай сөз болады. "Бір адам он жасар баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған бір ескі тағаны көріп, баласына айтты: "Анау тағаны, балам, ала жүр", – деп. Бала әкесіне: "Сынып қалған ескі тағаны не қылайын", – деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі кайырылып, тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3 тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып: "Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып, жерден бір иіліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың", — деді.

"Бай баласы мен жарлы баласы" атты әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген коғамдық, таптық көзкарасты бейнелейді. Көшкен елдің жұртында қалған екі баланың бір тәулік ішінде басынан кешкендерін суреттеу аркылы сол балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселеге әлеуметтік мән береді.

"Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. "Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен кисық біткен"? – деп сұрады баласы. "Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып, бағусыз өсерсің. Мынау ағаш – бағусыз өз қалпымен ескен", – деді атасы. "Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой", – деді баласы. "Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің", – деді.

Соның бірі – талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы алға баспаған болар еді. "Талапты ерге нұр жауар" деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған. Жастық шақ – жігер-қайраттың мол кезі, бойдағы жақсы қасиеттерді жарыққа шығарып қалатын кез, ол үшін талап керек. Талаптан да, өмірден керегіңді ал.

"Талаптың пайдасы" деген әңгімесінде Ыбырай сол идеяны көтереді. I Петр патша шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, арт жақта бір баланың сурет салып тұрғанын көріп, қасына келіп, не салып жатқанын сұрағанда бала: "Сіздің суретіңізді салып жатырмын!" – дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенің аңғарып, сурет салатын оқуға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады. азушының бұл арадағы көздегені - жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қолы жеткенін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу.

Мейірімділік баланың отбасына деген махаббатынан басталады. Әркім алдымен өз ата-анасын, туғандарын жақсы көреді, сыйлайды. Ыбырай ата-ана мен бала арасындағы осындай жылы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. "Мейірімді бала" әңгімесінде 13 жасар қыздың әкесінің орнына, өз қолын кесуді сұрағанын жазады. Қыз: "Тақсыр, жұмыс істеп, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз", – дейді.

Алғашқы әңгімедегі қыз да, соңғы әңгімедегі Сейіт те шын мәніндегі мейірімді қылықтарымен ерекшеленеді, мұның негізінде жалпы адамды сүйетін жақсы сезімдер жатыр.

Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр - 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. 2-басылымы, өңделген. Алматы: Атамұра, 2012. - 344 бет, суретті, карталы.



